Жастар тынысыСпорт әлемі

UFC-ге бірінші қадам жасалды. Келесі кім?

Күні кеше ММА әлемі қазақстандық жанкүйерлерді бір қуантып, бір мұңайтып алды. Кеше түнде Шавкат Рахмонов аралас жекпе-жектегі ең танымал ұйым UFC-мен келісімшарт жасасқан. Ал бүгін таңда Мария Агапова Лас-Вегаста жеңіліс тапты, бұл кездесуде UFC келісімшарты сарапқа салынған еді.

Шавкат Рахмонов (12-0)

Шавкат қазір ММА-дегі ең танымал қазақстандық файтерлердің бірі. Спортшы соңғы жылдары M-1 ұйымы аясында жекпе-жек өткізіп жүрген. Рахмонов бүгінге дейін 12 рет сегізбұрышқа шығып, барлық қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген.

Биыл наурызда Алматыда спортшы ресейлік Данила Приказаны жеңіп, Қазақстаннан шыққан алғашқы M-1 Challenge чемпионы атанған еді. Ал 28 маусымда M-1 Challenge 102 турнирінде Шавкат бразилиялық Тьяго Варежао Ласердуді бірінші раундта жеңіп, титулын қорғап қалған.

Енді Шавкат еліміздің намысын UFC-де қорғайды.

Мария Агапова (6-1)

UFC-де тағы бір спортшымыз болуы мүмкін еді. Бүгін әйелдер арасында ММА-ден Қазақстан тарихында алғашқы әлем чемпионы атанған Мария Агапова Лас-Вегаста UFC басшысы Дана Уайттың шоуында жекпе-жек өткізген. Қарсыласы — америкалық Трэйси Кортес. Спортшылардың қай жеңгені UFC-мен келісімшарт жасасатын еді. Амал не, Мария үш раундта да қарсыласына жол беріп, ақыры жеңіліс тапты.

Осылайша, Агапова карьерасында алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты. Бұған дейін ол алты кездесуде жеңіске жеткен еді. Мария Қытайда Heroines әлемдік лигасында және ММА-ден әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында топ жарғанын айта кетейік.

Жалғас Жұмағұлов (12-3)

Жалғас Жұмағұлов та былтырдан бері UFC-мен келісімшарт жасасу үшін келіссөз жүргізіп келеді. Ал әзірше өз жекпе-жектерін Fight Nights Global ұйымы аясында өткізіп жүр. Жұмағұловтың еншісінде ММА-де 12 жеңіс пен үш жеңіліс бар. Файтердің октагонға шықпағанына бір жылға жуықтады.

Былтыр 31 тамызда Нұр-Сұлтанда Жалғас Fight Nights Global 88 турнирінің басты жекпе-жегінде ресейлік Тагир Уланбековпен күш сынасқан. Бес раундқа созылған жекпе-жек қазақстандық файтердің жеңісімен аяқталып, Жалғас Fight Nights Global чемпионы атанды.

Енді ресейлік басылымдардың мәліметі бойынша, Жұмағұлов қазан айында Сочиде бұрын UFC-де өнер көрсеткен Али Багаутиновпен кездесіп, титулын алғаш рет қорқамақ.

Сергей Морозов (15-3)

30 жастағы Сергей Морозов M-1 Global ұйымы аясында өнер көрсетіп жүр. Сегізбұрышқа бүгінге дейін 18 рет шығып, оның 15-інде жеңіске жеткен, үшеуінде жеңілген.  Былтыр Мәскеуде ресейлік Мовсар Евлоевпен кездесіп, титул сарапқа салынған жекпе-жекте жеңіліс тапқан еді.

Ал биыл 28 маусымда елордада ресейлік тағы бір спортшы Александр Осетровпен M-1 титулы үшін кездескен. Қазақстандық файтер төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, беліне белбеу тақты.

Морозов M-1 ұйымымен әзір қоштаса қоймас, келісімшарт бойынша файтер осы компания аясында әлі екі жыл өнер көрсетеді. Қазір Сергей титулын қорғауға дайындалып жатыр.

Игорь Свирид (12-7)

Игорь Свирид кәсіпқой карьерасын 2011 жылы бастаған. Қазір оның жасы 33-те. Алғашқы 11 жекпе-жегінің онын жеңген ол үшін бәрі сәтті болған еді. 2014 жылы Сингапурде бразилиялық Леандро Атаидесті 17 секундта нокаутпен жеңіп, орта салмақта ONE FC титулын иеленген.

Бірақ отандасымыз белбеуінен келесі жекпе-жегінде айырылып қалды. Ресейлік Виталий Бигдашпен кездесіп, техникалық нокаутпен жеңілген. Титулынан айырылғаннан кейін Игорь сүреңсіз өнер көрсете бастады. Соңғы тоғыз кездесуінің жетеуінде жеңіліс тапты.

Қайрат Ахметов (23-2)

Қайрат Ахметов те ONE FC ұйымы аясында өнер көрсетеді. Бірнеше жекпе-жегін Alash Pride сапында өткізген. Бүгінге дейін октагонға 25 рет шығып, оның 23-ін жеңіспен тәмамдаған. Тек екі кездесуде жеңіліс тапқан.

Ахметов те өз карьерасында титул иеленгенімен, оны ұзақ уақыт қорғай алмады. 2015 жылы Қайрат Бейжіңде аса жеңіл салмақта ONE FC чемпионы бразилиялық Адриано Мораешті ұпай санымен жеңіп, белбеуін тартып алған еді. Екі жылдан соң Мораеш есесін қайтара алды. Файтерлер Макаода реванш өткізген, бразилиялық спортшы төрешілер шешімімен жеңіп, титулын қайтарып алды.

Қуат Хамитов (19-7-1)

Қазақстандық танымал файтер  Қуат Найман екі рет титул үшін жекпе-жекке шығып, екеуінде де жеңілген. 2017 жылы Fight Nights Global ұйымы аясында өнер көрсететін ол Владивостокта ресейлік Магомедсайгид Алибековке төрешілер шешімімен жол берген.

Биыл «Найман» тағы да бір рет титул иеленуге тырысып көрді. Қарсыласы әзірбайжандық Нариман Аббасов болған. Бес раундтың қорытындысы бойынша, мұнда да Хамитов жеңіліп қалды.

31 жастағы Хамитов бүгінге дейін 19 рет жеңіске жетіп, жеті рет жеңілген. Тағы бір кездесуінде қарсыласымен тең түскен.

Арман Әшімов (11-3-1)

Арман Әшімовте де титул иеленетін мүмкіндік болған. «Мұстафа Өзтүрк» былтыр М-1 чемпионы атағын украиналық Александр Доскальчукпен сарапқа салған. Бірақ екінші раундта Әшімов оң қолының сынғанына байланысты жекпе-жекті жалғастырудан бас тартқан болатын.

Негізі, қазақстандық спортшының ММА-дегі статистикасы жаман емес: 11 жеңіс, 3 жеңіліс және 1 тең есеп. Титул еншілей алмай қалғаннан кейін Әшімов жеңістер сериясын қайта бастады. Файтер былтыр Кристиан Гарсия Коллоданы, биыл Кайк Аленкарды жеңген болатын.

0

Қазақстан Президенті Нұрлан Оразалинді қабылдады

Алдыңғы ақпарат

Өзбек Парламентінің төрағасы «Абай-175» челленджін Нығматулиннен қабылдады

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *